«Біздің міндет – халыққа қызмет»

Біз – мемлекеттік қызметшіміз. Бұл абыройлы да жауапты міндет деп білемін. Өйткені мемлекет алдында міндет атқара жүріп, халыққа қызмет көрсетеміз. Талай адамдардың қажетін ашып, бір мысқал болса да көмек көрсетіп жатамыз. Азаматтардың, қарапайым тұрғындардың мұң-мұқтажын, мәселелерін шешкенде, олардың риза көңілдерін көргенде өзің де бір марқайып қалады екенсің. Алғыстарын арқалап жатамыз. Ең бастысы еткен еңбегің жемісті болып, туған Қазақстанның, мемлекетіміздің, оның халқының әл-ауқаты арта түссе бұдан артық бақыт жоқ деп есептеймін.

Мемлекетік қызметте жүргеніме 6 жылдай уақыт болды. Алдында жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасында бас маманның міндетін атқардым. Қандай жұмыс екені мекеменің атынан-ақ көрініп тұр емес пе?! Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына ауысқаныма екі жылдың жүзі болып қалды. Мұнда орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аймақтар және жануарлар әлемін қорғау бөлімінің әуелі бас маманы, биылдан бері басшысы болып істеймін. Мақсатымыз – қоршаған ортаны қорғау, жақсарту, биоәртүрлiлiктi сақтау, орман қорын күзету, молықтыру, ұлғайту, ұтымды пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аймақтар мен жануарлар әлемін қорғау, табиғат пайдаланушыларға мінсіз қызмет көрсету. Өткен жылы Елбасы Жарлығымен орталық органдардың біраз функциялары жергілікті атқарушы органдарға жүктелуіне байланысты бөлім атқаратын қызмет аясы да кеңейе түсті.

Толығырақ...

Мен патриотпын!

Отан!Отан! бәрінен биік екен,

Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем!

Мұқағали Мақатаев

 

 Бірде кішкентай інім менен  «Аға, Отан деген не?» - деп сұрады. Қарапайым ғана сұрақ сияқты. Бірақ осы Отан деген сөзде қаншама мағына, терең ой жатыр. Соны періште жүрегі сезген болар?

Отан деген орман, көлің, тауың, ұшса құс қанаты талар кең-байтақ далаң, көк аспаның, нұрлы күнің.  Оны қастерлеп, құрметтеу, қорғау әр адамның парызы. Яғни сен оның ұлы болуың керек. Ол үшін ақылды, жақсы адам болуың керек  деп жауап бердім. Інім: «Мынау жер де, анау күн мен аспан да менің Отаным ба?» деді. Мен: Ия, балақай, дәл солай дедім күлімсіреп.  «Алақай, мынау жер де, анау күн мен аспан да менің Отаным! Мен жақсы адам болам! Мен оны әрдайым қорғап жүрем!»  деп інім алып-ұшып жүгіре жөнелді.

Толығырақ...

Мен – патриот

Патриоттық дегеніміз ол адамның отбасынан бастау алады. Адам дүниеге шыр етіп келген сәттен анаға деген махаббаттан туындайды. Бұл сезім әрі қарай туған үймен қатар ағайын-туысқа, жолдас-жораға, туған жерге, туған елге деген махаббаттан Отанға деген сүйіспеншілікке, мақтанышқа ұласады.

Өз ұлтын, жерін сүйіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын адам ғана шынайы патриот бола алады. Оны зорлықпен, нұсқаумен жүргізу мүмкін емес. Ел Президенті Н.Назарбаевтың: «Әрбір адам біздің мемлекетімізге, оның бай да даңқты тарихына, оның болашағына өзінің қатысты екенін мақтанышпен сезіне алатындай іс-қимыл жүйесін талдап жасауы қажет. Елдің проблемалары да, келешегі де барлық адамға жақын әрі түсінікті болуы тиіс. Әрбір адам бала кезінен Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей істеген жөн», – деуі патриотизмге баулудың жарқын үлгісі іспетті. Қазақстандық патриотизмнің анықтамасы да осынау парасатты ойдан бастау алатындай.

Толығырақ...