Жемқорлық бүлдіршіндердің көзімен!

Ағымдағы жылғы 24 сәуірде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің (бұдан әрі - Департамент) бастамасымен және облыстық білім басқармасының қолдауымен №15 «Жидек» балабақшасында арнайы тәрбие сағаты өтті.

«Жемқорлыққа жол жоқ» атты акция шеңберінде өткен бұл шара мектепке дейінгі мекемелерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және осы бағытта мұғалімдердің біліктілігін арттыруға бағытталған.

Сондай-ақ, тәрбие сағатының тағы бір маңызды бағыты – ол өскелең ұрпақтың санасына жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік ұғымын сіңіру болып табылады.

Мерекелік шара алдымен орыстың ұлы ақыны И.А. Крыловтың «Шегіртке мен құмырсқа» мысалына арналған арнайы қойылыммен басталды. Жатып ішер жалқаулықтың жолын кесіп, елді еңбекқорлыққа баулыйтын бұл мысалды жоғары деңгейде көрсете білген бүлдіршіндер, одан әрі сыбайлас жемқорлық тақырыбындағы мақал-мәтелдер сайысына көшті.Өздерінің жас ерекшеліктеріне қарамастан балақайлар берілген тапсырмалардың қай-қайсысында барынша жоғары деңгейде орындап шықты.

Департаменттің мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Е.К.Хайруллинде балалардың өнеріне тәнті болғанын жиналғандардың алдында ерекше атап өтті.

Осы орайда аталған шараны жоғары деңгейде өткізген балабақша ұжымынан да алғысын жасырған жоқ.