СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ЖӨНІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН КӘСІПКЕРЛЕРІНІҢ ХАРТИЯСЫ

Біз, Қазақстанның барлық  кәсіпкерлік субъектілерін біріктіретін  Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (бұдан әрі – Ұлттық палата),  сонымен қатар кәсіпкерлік қауымдастық  субъектілері сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу,  кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру және бәсекелестікті дамытудың қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайларын қамтамасыз ету үшін тиімді шараларды қабылдау  мақсатында  осы Хартияны қабылдаймыз.

Сыбайлас жемқорлық, оның әртүрлі нысандары мен көріністері ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіреді, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын тоқыратады, адал бәсекелестікті  және елдің инвестиция ағынын шектейді.

Кәсіпкерлік қауымдастық Елбасының және Үкіметтің  сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу, елдегі кәсіпкерлік және инвестициялық қызметтерді жүргізу үшін жағдайды түбегейлі өзгерту  жөніндегі  бастамасына бірауыздан қолдау білдіреді.

Осы орайда, мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу  бағдарламасының барлық мүдделі қоғамдық күштер тарабынан, соның ішінде кәсіпкерлік қауымдастық тарабынан белсенді қолдау табуы оның ұзақ мерзім бойы табысты болуының факторы болып табылады.

Осы Хартияның ережелері қолданыстағы шараларға көмек көрсетуге және  алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибеге негізделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу  және оның алдын алудың қосымша механизмдерін енгізуге  бағытталған отандық бизнестің ерікті міндеттемелерін қамтамасыз етуге міндеттелген.

Осы Хартияға қосыла отырып кәсіпкерлік субъектілері сыбайлас жемқорлыққа «мүлдем жол бермеу» қағидатын ұстанатынын және Хартия ережелері мен қағидаларын іске асыруда әлеуметтік жауаптылық қабылдайтынын растайды.

Хартияға Қазақстанның кез келген кәсіпкерлік субъектісінің өз еркімен қосылуына болады.

 

 

1. КОРПОРАТИВТІК БАСҚАРУ

 Халықаралық тәжірибеде қалыптасқан тиісті корпоративтік басқару стандарттары сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша маңызды әлеуетке ие болып отыр.

Корпоративтік басқару механизмдері мемлекеттік сыңайлы компанияларда кеңінен қолданылады, алайда, мемлекеттік емес ұйымдарда жеткілікті деңгейде таралмаған.

Осыған байланысты, осы Хартияға қосылған ұйымдар (соның ішінде, акционерлік қоғамдарға қарағанда басқа құқықтық нысанда құрылған ұйымдар) сыбайлас жемқорлық көріністерінің туындауына кедергі келтіретін озық корпоративтік басқару тәжірибесін қолдануға ұмтылады.  

Ұйымдарда корпоративтік басқарудың жай-күйіне озық тәжірибелерге сәйкес мерзімді диагностикалау және бағалау жүргізіледі. 

Ұйымдардың озық корпоративтік басқару тәжірибесін пайдалануы олардың тәуекелдерді басқару жүйесін жүргізу  барысындағы басты индикаторы болып табылады.

Ұйым басшылары қабылданған корпоративтік басқару стандарттарын ұстану қажеттілігін жеке басының үлгісімен көрсетіп отыр.

Ұлттық палата салалық қауымдастықтармен, өзін-өзі реттейтін ұйымдармен, мемлекеттік органдармен, шетелдік, халықаралық ұйымдармен және өзге де мүдделі тұлғалармен  бірлесіп  корпоративтік басқарудың озық халықаралық тәжірибесін талдау, оны Қазақстан Республикасындағы бизнес-қоғамдастыққа бейімдеу және енгізу  шараларын қабылдайды,  отандық кәсіпкерлік субъектілері қолдануы үшін корпоративтік басқару стандарттары бойынша әдістемелік ұсыныстар әзірлейді.

 

2. ЕСЕПТІЛІК ЖӘНЕ АШЫҚТЫҚ

 Ұйымдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізудің ішкі бағдарламасын іске асыруын қоса алғанда, өз қызметтері туралы мерзімді есепті көпшілікке ұсынып отыруы  озық корпоративтік басқару тәжірибесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

Ұйымның, сол сияқты оның контрагенттерінің жазбаша келісімінсіз жариялауға болмайтын олардың коммерциялық, банкілік немесе заңмен қорғалатын басқа құпиясын есепке алмағанда, есеп берулер ұйымдардың ғаламтор-ресурстарында жарияланады. 

Ұйымдар ақпараттарды, соның ішінде корпоративтік әлеуметтік жауаптылық бойынша, көрсетілген демеушілік және қайырымдылық көмек, қоршаған ортаға әсер ету, қауіпсіздік техникасын қамтамасыз ету туралы  есеп берулер шеңберіндегі Қызметкерлердің және олардың отбасыларының, сондай-ақ жергілікті қоғамдастықтың және жалпы қоғамдастықтың  тұрмысын жақсарту бойынша ерікті қабылданған шаралар туралы  ақпараттарды  жариялайды.

Ұйымның жарияланатын ашық ақпараты қоғамдық мониторинг жүргізу  мәні  бола алады.

Қажет болғанда, мүмкіндігіне қарай жергілікті халықпен  және ұйым серіктестерімен есеп беру ережелерін түсіндіруге және туындаған мәселелерді  ашық талқылауға  бағытталған  кездесулер ұйымдастырылады.

Сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және сондай деректерді  зерттеу мақсатында   ұйымдар бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз әрекеттестік  жасауға ұмтылады.

Ұлттық палата ұсыныстары негізінде ұйымдар өндіруші кәсіпорындардағы табыстың ашықтығы  туралы халықаралық бастаманың үлгісі бойынша өз қызметтерінің ашықтығы бойынша,  соның ішінде түсетін табыс және жұмсалатын шығындар бойынша бағдарлама әзірлейді және оны іске асырады.

Ұлттық  палата  жыл сайын Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік белсенділік  жай-күйі туралы,  соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ұлттық баяндама  әзірлейді және жариялайды.

Ұлттық палата көлеңкелі айналым мен сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейі ажырамас бөлігі болуы тиіс «Іскерлік климаты» рейтингін жүргізу арқылы мемлекеттік органдардың жұмыс нәтижелерін тәуелсіз бағалайды және салыстырады.

 

3. КОРПОРАТИВТІК СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖОЮ

 Ұйымдар корпоративтік басқару стандарттарының құрамдас бөлігі ретінде ұйымдардың, олардың органдары мен қызметкерлерінің қызметтерінде сыбайлас жемқорлықтың көріністерін болдырмауға арналған нақты шараларды қамтитын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу бағдарламасын енгізеді. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу бағдарламасы осы ұйымның қызметіндегі сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және оған жол бермеуге бағытталған өзара байланысты қағидаттар, рәсімдер және нақты шаралар кешенін  қамтуы тиіс. Бекітілген бағдарламалардың тікелей іске асырылуы  және ұйым қызметінде қолданылуы міндетті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасы  мүдделер жанжалын болдырмау және айқындау, ұйымдардың өзара әрекеттестігі және өзара бақылауы,  этикалық стандарттарды сақтау, қызметкерлерді оқыту, тәуекелді басқарудың балансталған жүйесін белгілеу, сыбайлас жемқорлыққа байланысты орын алған құқық бұзушылықтар туралы хабарлау, серіктестермен, клиенттермен, мемлекеттік органдармен және лауазымды тұлғалармен  қарым-қатынаста сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізу, демеушілікті және қайырымдылық шараларын реттеу, пара алудың кез келген жағдайларын жою мәселелерін регламенттейді.

 Коммерциялық ұйымдардағы лауазымды тұлғалардың қызмет бабын жеке басының пайдасына теріс пайдалануын білдіретін корпоративтік сыбайлас жемқорлыққа ерекше назар аударылады.

Инвестициялық шешімдерді қоса алғанда,  басқарушылық шешімдер  жалпы қоғам мүддесін ескере отырып, тек ұйымның мүддесінде  ғана қабылданады.

Ұйымның лауазымды тұлғалары шешім қабылдау барысында адал, орынды және тиісті ақпарат негізінде әрекет етеді.

Ұйымның қызметкерлеріне немесе серіктестеріне қол жетімді инсайдерлік  (қызметтік) ақпарат  жеке мақсатта  және ұйымның мүддесіне қарсы пайдаланылмайды.   

Ұйымның мүлкі де ұйым қызметкерлерінің жеке мақсаттарына пайдаланылмайды.

Ұйымның  мақсатына сәйкес мүлік пен ақпаратты пайдалану  мониторингі және бақылау жүйесі бар, сондай-ақ ұйым озық тәжірибеге негізделетін тиімді тәуекелдерді басқару жүйесін қалыптастырады.   

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу бағдарламасы ұйым қызметкерлерінің және мүдделі тұлғалардың қатысуымен әзірленеді және іске асырылады.

Ұйым басшылығы жекеше үлгі көрсету арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларына қатысады, олардың жүргізілуін бақылайды және ішкі тергеулердің объективтілігін қамтамасыз етеді.  

Тәуекелдерді басқару жүйесін қолданудың озық тәжірибесіне сай ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу бағдарламасына жауапты болып табылатын және қолданыстағы механизмдерді жетілдіру бойынша келіп түскен  ұсыныстарды жиынтықтайтын  нақты қызметкерлер белгіленеді.

Аталған тұлғалар  сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу  бағдарламасының орындалуы туралы ақпаратты басқару органдарына және жеке меншік иелеріне  ұсынады, олар оның орындалуын бағалайды және қажетті түзету шараларын қабылдайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу  бағдарламасы көпшілікке жариялау үшін ашық болуы және мүдделі тұлғалардан келіп түскен ұсыныстарға  және қалыптасқан тәжірибеге сәйкес мерзімді түрде түзету енгізіліп отыруы  тиіс.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізудің ішкі  бағдарламасын әзірлеу және енгізу шеңберінде ұйымдар салалық қауымдастықтармен, Ұлттық палатамен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес  жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдармен белсенді әрекеттестік жүргізеді. 

Ұлттық  палата, өзге де мүдделі ұйымдармен және сарапшылық қауымдастықтармен бірлесіп   отандық кәсіпкерлік субъектілері  қолдануы үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізудің  ішкі ережелері бойынша  әдістемелік  ұсыныстар  және қажетті типтік құжаттар әзірлейді.

  

4. СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ЖҮРГІЗУ ЖӨНІНДЕГІ ҰЖЫМДАРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУ

 Ұйым қызметкерлерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу  және оның алдын алу бойынша шараларға кеңінен тарту мақсатында  оларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізудің ішкі бағдарламасын әзірлеу және орындау ісіне қатыстыру қамтамасыз етіледі.

Ұйымдар мемлекеттік органдармен тікелей қарым-қатынас жасайтын немесе сыбайлас жемқорлық  көп кездесетін (сатып алулар, материалдық-техникалық қорларды басқару және басқ.) салаларда қызмет атқаратын қызметкерлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес негіздеріне оқыту бойынша жоспарлар қабылдайды.

Оқыту шеңберінде атқарымдарды адал орындау, мемлекеттік органдармен және лауазымды тұлғалармен кез келген заңсыз қарым-қатынастарға жол бермеудің ұйым үшін де, сол сияқты қызметкер үшін де  басымдығы көрсетіледі.

Оқыту нәтижелері ұйым тәжірибесіне енгізіледі.

Ұйым басшылығы ұйымдарда белгіленген этикалық ережелерді бұзатын әрекеттерге қатысты «үзілді-кесілді жол бермеу»  және  сыбайлас жемқорлыққа байланысты заң бұзушылықтарға қатысқан немесе басқа әрекетпен компанияның адал бәсекелестігіне және беделіне нұқсан келтірген тұлғалардың ұйымда жұмыс істеуіне рұқсат етпеу шараларын қабылдайды.

Ұлттық палатаның ұсыныстарын ескере отырып,  ұйымдар  корпоративтік басқарудың озық тәжірибесіне негізделген  және қызметкерлердің этикалық мінез-құлық стандарттарын белгілейтін этика кодексін қабылдайды.

Кәсіподақтармен өзара қарым-қатынастарға, олардың есептілігіне және әлеуметтік жанжалдар туындау себептері мен шарттарын жою рөліне   ерекше көңіл бөлінеді.

Ұйым басшылығы мемлекеттік лауазымды тұлғалардың пара сұрау дерегі туралы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламаарына қайшы келетін және ұйымның этикалық стандарттарын бұзатын  әрекеттер туралы қорғалған ақпарат беру  арналарын ұйымдастырады. Мұндай ақпарат міндетті түрде ішкі аудит қызметіне  немесе бақылау қызметінің қызметкерлеріне жіберіледі.

Осы міндеттердің тиімді орындалуын қамтамасыз ету мақсатында ұйым жұмыс берушінің  қызметкерді сыбайлас жемқорлыққа байланысты заң бұзушылыққа  итермелеу оқиғалары туралы немесе сыбайлас жемқорлыққа байланысты заң бұзушылық оқиғалары  туралы  қызметкерге белгілі болған ақпарат туралы хабарлау тәртібін әзірлейді және ұйымның жергілікті нормативтік актілерімен бекітіледі. Бұл құжатта хабарламаларды ұсыну арнасы мен нысандары, оларды тіркеу тәртібі мен қарау мерзімдері,  сонымен қатар алынған мәліметтердің құпиялылығын  және сыбайлас жемқорлық көріністері туралы хабарлаған  тұлғалардың қорғалуына қамтамасыз етуге бағытталған  шаралар қарастырылады.

Пара сұрау деректері туралы ақпарат заңнамада белгіленген тәртіппен уәкілетті мемлекеттік органдарға және лауазымды тұлғаларға мәлімденеді.  

Ұлттық палата еңбек тәртібін  күшейту және лауазымды тұлғалардың  компания акционерлері (қатысушылары)  алдындағы жауапкершілігін арттыру  бөлігінде заңнаманы жетілдіру бойынша шараларды қабылдайды,  сонымен қатар озық халықаралық тәжірибе негізінде  ұйым қызметкерлерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқыту  саласында әдістемелік ұсыныстар әзірлейді.

 

5. СЕРІКТЕСТЕРМЕН, КОНТРАГЕНТТЕРМЕН ЖӘНЕ КЛИЕНТТЕРМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАР

 Ұйымдар серіктестері мен клиенттеріне қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы  стандарттардың іске асырылуын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қабылдайды.

Атап айтқанда, серіктестермен және котрагенттермен жасалған шарттарға сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ережелер енгізіледі. Кәсіпкерлік ортада кеңінен тарату мақсатында шарттардың тиісті типтік талаптарын Ұлттық палата әзірлейді. 

Ұйымдар өздерінің серіктестері мен клиенттерінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермейтін механизмдердің болуын анықтайтын, осы Хартиядағыға ұқсас шараларды қабылдайды.  Осылайша, мұндай механизмдерді жетілдіру бойынша  талаптарды ұсыну, осы Хартияның ережелеріне сай тараптар арасындағы  құқықтық қатынастарға сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмаудың озық механизмдерін  қолдану  немесе әрекеттестіктен бас тарту туралы котрагенттерден жазбаша растама алу мүмкіндігі айқындалады.

Ұйымдар өздерінің серіктестеріне,  контрагенттеріне және клиенттеріне  осы Хартияның ережелеріне сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы  өз бағдарламаларын қабылдауды ұсынады.  

Басқа ұйымдардың кәсіпкерлік қызметтерге бәсекелесе қатысуын заңсыз шектеуге, соның ішінде лауазымды тұлғаларға пара беру, коммерциялық тыңшылық жасау арқылы шектеуге бағытталған іс-қимылдарға  жол  берілмейді. 

Ұйымдар сыбайлас жемқорлық көріністеріне жағдай жасайтын талаптарды азайту үшін медиация және арбитраж механизмдері негізінде серіктестерімен,  контрагенттерімен және клиенттерімен туындайтын дауларды қарау мүмкіндіктерін қарастырады.

Серіктестерінің немесе клиенттерінің іс-қимылдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқық бұзушылық істерге қатысу белгілері анықталған жағдайда ұйымдар бұл жөнінде  уәкілетті мемлекеттік  органдарға және Ұлттық палатаға хабарлайды және оған қоса, серіктестерінің немесе клиенттерінің сыбайлас жемқорлық көріністері туындау себептері мен жағдайларын  жоюды талап етеді.  

 

6. САТЫП АЛУ РӘСІМДЕРІ

 Бәсекелестің болуы сапалы өнім сатып алуға  және жеткізушілердің  шығындарды азайта және тиімділігін ұлғайта отырып өз өнімдерін  және рәсімдерін жетілдіруіне  жағдай жасайды.

Ұйым ашық рәсімдер негізінде, әлеуетті жеткізушілерді барынша көптеп тарту арқылы   тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алады.

Биржалық сауда ұйымдардың тауарларды сатып алу эталоны дәрежесінде қарастырылады. Мұнда тапсырыс берушімен үлестес болуы мүмкін жеткізушінің жеке басы емес,  сатып алу тиімділігі басты шарт болып табылады (мысалы,  екіжақты қарама-қарсы анонимдік аукцион режимінде).

Тендер арқылы сатып алу жүргізген жағдайда ұйымдар  сатып алу шарттарын  және жеткізушілерге қойылатын талаптарды алдын ала  жариялайды. Жеткізушілер мен өнімге негізсіз қойылған талаптар есепке алынбайды.

Ұйымдар тендерлік рәсімдер шеңберінде тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу бойынша шешімдер мен хаттамаларды жариялауға тырысады. Мүдделі тұлғалардың барлық сауалдарына қабылданған шешімді  негіздей отырып жауап беріледі.

Тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді  өндірушілерден немесе ресми өкілдерден сатып алу мүмкіндігі бар болса,  делдалдардан сатып алуға болмайды. Міндеттемелерді субмердігерге беруге әлеуетті жеткізушілер келісімшарт жасалғанға дейін хабарлайтын объективті жағдайлар болғанда ғана рұқсат етіледі. 

Ұйымдар сатып алулардың дұрыс жүргізілуін, өнімге белгіленген бағаның негізділігін, бақылау үшін,  қаражаттың тиімді пайдаланылуы және сатып алуға жауапты тұлғалардың мүдде жанжалдарын болдырмау үшін  шаралар қабылдайды.

Ұйым  өзге ұйымдардың сатып алуларына, соның ішінде мемлекетттік сатып алуларға  әлеуетті жеткізуші ретінде қатысқанда, алақолдық бәсекелестікке, сонымен бірге лауазымды тұлғаны параға жығуға жол берілмейді.

Ұйымдар сатып алу шарттары бойынша өз міндеттемелерін адал орындайды.

Ұлттық палата сатып алулардың дұрыс тәжірибесі  кодексін ұйымдардың әзірлеуін және олардың осы кодексе бірігуін ұйымдастырады, онда жоғарыда айтылғандарға қоса біліктілікті саралау, ЕРС-келісімшарттарды тарату, жобаны іске асырудың бастапқы кезеңдерінде  жеткізушілермен қарым-қатынас жасау  сияқты мәселелер  де бейнеленеді.

Іс-қимылдардың ашықтығын қамтамасыз ету, сонымен қатар сатып алуларды талдау және тиімділікті арттыру мақсатында ұйымдар, соның ішінде мемлекеттік сыңайлы ұйымдар   Ұлттық палатаның  ақпараттық-аналитикалық жүйесін басқаратын  субъектіге сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің техникалық тапсырмаларының жобасы бойынша ақпаратқа,  сонымен қатар жоспарланған, өткізілетін және өткізілген сатып алулар бойынша ақпаратқа толық кіру рұқсатын береді.

Ұлттық палата мемлекеттік органдардың  сатып алулар туралы толық ақпарат пен есеп ұсынуын қамтамасыз етеді.

Ұлттық палатаның  ақпараттық-аналитикалық порталы  ұйымдардың және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен синхрондалады.

 

7.МЕМЛЕКЕТПЕН ӘРЕКЕТТЕСТІК 

 Кәсіпкерлік қоғамдастық  мемлекетке кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлық оқиғаларына қатысуын болдырмауға барынша көмектеседі.

Ұлттық палата мемлекеттік органдармен әрекеттеседі және корпоративтік басқару ісінің озық тәжірибелерін зерттеу, бейімдеу және енгізу  барысында мемлекеттік қолдау алу бойынша шараларды қабылдайды.

 Ұйымдар сыбайлас жемқорлыққа байланысты заң бұзушылық жағдайларын анықтау және жою бойынша, заңда белгіленген шара қолдану істерін орындау үшін сыбайлас жемқорлық туралы ақпаратты құзыретті мемлекеттік органдарға жіберу бойынша жүйені құрады.

Ұйымдар мемлекеттік органдардың заңда қарастырылған тексерістерді жүргізуіне көмектеседі және  мемлекеттік органдардың заңда белгіленген атқарымдарын орындауы үшін талап етілетін ақпараттарды беруден бас тартпайды.

Мемлекеттік лауазымды тұлғаларға олардың лауазымдық міндеттеріне  қарсы келетін немесе адал бәсекелестікті шектейтін іс-әрекеттері үшін қандай да бір пайда ұсынуға немесе басымдық беруге немесе  ол туралы уәде беруге жол берілмейді.   

Ұйымдар уәкілетті мемлекеттік органдарға мүлікті заңсыз жолмен  жария ету деректерін анықтауға көмектесу шараларын қабылдайды. Ұйымдар мүлікті заңсыз жолмен  жария ету, сатып алу, жасырып қалу, өткізу  бойынша басқа да схемаларға қатысудан бас тартады.

Ұлттық палата  кәсіпкерлік қоғамдастық өкілдерінің мемлекеттік сатып алулар, мемлекеттік сыңайлы сектордың сатып алулары бойынша байқау комиссиясының құрамына, жекешелендіру мәселелері, бюджеттік қаражаттың игерілуін бақылау, мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауаптылығы бойынша  алқалы органдар құрамына кіруі бойынша шараларды қабылдайды.

Ұлттық палатаның көмегімен ұйымдар  кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және сараптау  процесіне белсенді қатысады, әлеуетті сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормалар мен әкімшілік кедергілерді белгілейді және  оларды жою бойынша ұсыныстар береді.  

Заңнамада кемшіліктер анықталған жағдайда ұйымдар ондай кемшіліктерді жою үшін салалық қауымдастықтарға және Ұлттық палатаға хабарласа отырып, қолда бар шараларды қабылдайды.

Ұлттық  палата және  салалық қауымдастықтар  кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді ұйымдарға  талдау үшін  жібереді және берілген ұсыныстарды  міндетті түрде ескереді.   

Сыбайлас жемқорлық деректері  туралы Ұлттық палатаға келіп түскен ақпарат Ұлттық палата жүргізетін қоғамдық мониторинг үшін негіз болып табылады.

Ұлттық палата жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және көлеңкелі экономика жөніндегі кеңестің қызметі шеңберінде сыбайлас жемқорлық көріністерінің сеебін, шарттарын және салдарларын жою бойынша міндеттерді жедел әрі жүйелі шешу үшін,  жалпы әрекеттестік стратегиясын әзірлеу үшін кәсіпкерлік қоғамдастықтың мемлекеттік органдармен  белсенді ынтымақтастығы жүзеге асырылады.

Қоғамдық мониторинг  және сыбайлас  жемқорлыққа қарсы күрес шараларын әзірлеуге қатысу Ұлттық палатаның кәспкерлік қоғамдастық өкілдерін  кәсіпкерлік мүддесін қозғайтын мәселелер бойынша мемлекеттік ұйымдар мен мемлекеттік сыңайлы сектор ұйымдарының жанындағы кеңес-мәжіліс құрылымдарына кіргізуі арқылы іске асырылады.

Ұлттық палата өкілдерін мемлекеттік органдарда құрылған дауларды сотқа дейін шешу бойынша комиссияларға кіргізу бойынша шаралар қабылданады.

Ұлттық палата  мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлыққа байланысты заң бұзушылықтарды жоюға арналған шараларды, соның ішінде рәсімдерді жеделдету және жеңілдету, мемлекеттік қызметтердің «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетілуін ұлғайту, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді   мерзімді түрде бағалау арқылы шаралар қабылдайды.   

 

ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕ

 Біз  кәсіпкерлікті және жалпы қоғамды дамыту мақсатында өз қызметімізді жоғарыда аталған қағидаттарға  негіздейміз деп мәлімдейміз.

Біз барлық  сыбайлас жемқорлық жағдайлары мен себептерін жою үшін осы Хартия ережелерін  асқан сенімділікпен орындаймыз.

Сыбайлас жемқорлыққа байланысты заң бұзушылықтарға қатысқан  ұйымдар және оларды жоюға арналған шараларды қабылдамаған ұйымдар, сонымен қатар алақол бәсекелестік тәсілдерін    пайдаланатын ұйымдар Қазақстанның кәсіпкерлік қоғамдастығының бір бөлігін құрай алмайды.

Мұндай ұйымдар қоғамдық айыптауға лайық. Сыбайлас жемқорлыққа көмектесетін ұйымдармен әрекеттесетін құрылымдар да айыпталады.    

Хартия олардың тіркелу орны, қызмет ету саласы немесе ауқымына қарамастан, Қазақстанның кәсіпкерлік қоғамдастығының  барлық субъектілері үшін ашық.

Хартия ережелерін тиімді пайдалану мақсатында Ұлттық палата жыл сайын оны орындау бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлейді және бекітеді.

Хартияға қосылу Ұлттық палатаға қосылу туралы өтініш беру арқылы жүзеге асырылады.

Хартия қатысушыларының тізімі Ұлттық палатаның ғаламтор-ресурсында жарияланады.

                       ___________________________________

 

Пікір қалдыру


қорғаушы код
Жаңарту