Мен – патриот

Патриоттық дегеніміз ол адамның отбасынан бастау алады. Адам дүниеге шыр етіп келген сәттен анаға деген махаббаттан туындайды. Бұл сезім әрі қарай туған үймен қатар ағайын-туысқа, жолдас-жораға, туған жерге, туған елге деген махаббаттан Отанға деген сүйіспеншілікке, мақтанышқа ұласады.

Өз ұлтын, жерін сүйіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын адам ғана шынайы патриот бола алады. Оны зорлықпен, нұсқаумен жүргізу мүмкін емес. Ел Президенті Н.Назарбаевтың: «Әрбір адам біздің мемлекетімізге, оның бай да даңқты тарихына, оның болашағына өзінің қатысты екенін мақтанышпен сезіне алатындай іс-қимыл жүйесін талдап жасауы қажет. Елдің проблемалары да, келешегі де барлық адамға жақын әрі түсінікті болуы тиіс. Әрбір адам бала кезінен Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей істеген жөн», – деуі патриотизмге баулудың жарқын үлгісі іспетті. Қазақстандық патриотизмнің анықтамасы да осынау парасатты ойдан бастау алатындай.

 

            Жалпы, мен патриотизмді ұлттың тілі, діні мен ділімен тығыз байланысып, астасып жатқан ұғым деп қарастырамын. Мені ата-анам мен өскен ортам, білім берген ұстаздарым отансүйгіштік, патриоттық рухта тәрбиеледі деп есептеймін.

Елімнің болашағы үшін тайсалмай, елім үшін деп ерінбей еңбек етіп, өз үлесімді қосамын. Ол үшін келешекте барынша білімді, жан-жақты, білікті болуы үшін іздене жүріп Отаныма адал қызмет атқарамын. Өйткені, елін, жерін сүймеген азамат Отанына адал қызмет ете алатыны күмән тудырады. Ұлтының патриоты болған адам ана тіліне бей-жай қарай алмайды. Ал өз тілінде де, өзге тілдерде де еркін сөйлейтін маман қай кезде де еліне пайда келтіре алатыны анық. Қазіргі тәуелсіздік жағдайында патриоттыққа баулу – айырықша маңызға ие мәселелердің бірі болып отырғаны да сондықтан.

            Бір қырынан алғанда көпұлтты Қазақстан үшін ұлтаралық татулықтан асқан маңызды мәселе жоқ шығар. Ел ішіндегі тұрақтылыққа мемлекет тарапынан жете мән берілуі де сондықтан болар. Және ел ішіндегі әлеуметтік құрылымдардың қалыптасып, жұмыс істей бастағаны да көңіл көншіктірерлік жағдай. Осындай ұйымдар мен орталықтардың басты мақсаты да қоғамдағы тұрақтылықты, қоғамдық сананы және ұлттық идеяны қалыптастыруға бағытталып отыр. Осындай маңызды мәселелердің қатарында қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту де алдыңғы орында тұрғаны рас. Әсіресе, жастардың арасында мемлекеттік тілді қастерлеу, қазақ тілін жетік меңгеруге бағытталған іс-шаралардың қолға алынғанына да біраз уақыт болып қалды. Алайда жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін әлі де қыруар шаруаның атқарылуы қажет. Ал қазақ қазақша білмесе, өз елінің шынайы патриоты болмаса, өзгеге үлгі боламыз, басқаға өзімізді сыйлатамыз деу қисынсыз.

 

Назыгуль Торгаева,

Қарағанды қаласы

Пікір қалдыру


қорғаушы код
Жаңарту