Мен патриотпын!

Отан!Отан! бәрінен биік екен,

Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем!

Мұқағали Мақатаев

 

 Бірде кішкентай інім менен  «Аға, Отан деген не?» - деп сұрады. Қарапайым ғана сұрақ сияқты. Бірақ осы Отан деген сөзде қаншама мағына, терең ой жатыр. Соны періште жүрегі сезген болар?

Отан деген орман, көлің, тауың, ұшса құс қанаты талар кең-байтақ далаң, көк аспаның, нұрлы күнің.  Оны қастерлеп, құрметтеу, қорғау әр адамның парызы. Яғни сен оның ұлы болуың керек. Ол үшін ақылды, жақсы адам болуың керек  деп жауап бердім. Інім: «Мынау жер де, анау күн мен аспан да менің Отаным ба?» деді. Мен: Ия, балақай, дәл солай дедім күлімсіреп.  «Алақай, мынау жер де, анау күн мен аспан да менің Отаным! Мен жақсы адам болам! Мен оны әрдайым қорғап жүрем!»  деп інім алып-ұшып жүгіре жөнелді.

 

Біз қандай бақыттымыз! Бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Тілің де, дінің де, Отаның да өзіңдікі.Көкте самғаған қырандай еркінсің, азатсың.  ...Есіме Қадыр ақынның Отан туралы өлеңі түседі. Патшаның оғы да, қылышы да, дар ағашы да батырымыз бен ақынымызды жасыта алмаған екен. Соны сезген қанқұйлы жауыздар оларды туған жерінен айырып, жер аудартыпты. Ажалдың да өзінен қаймықпаған асылдарымыздың осал жерін солай тапқан ғой. Авардың ұлы ақыны Расул Ғамзатовтың айтқаны бар ғой «Отан дегенде көз алдыма тауым, тасым, кәрі әкем мен жүдеу шешем келеді. Құлағыма авар тілі естіледі» деп.

Отан дегенде жүрегі тебіренбейтін адам жоқ шығар, сірә. «Отансыз адам бақытсыз адам» деп бекер айтылмаған-ау! Мынау өмірде Отаны жоқ ұлт та болады екен. Қиын. Алыс жүрсе сағынатын, қасында жүрсе арқа сүйейтін Отаны жоқ. Тілін жоғалтқан, дінінен айрылған, тамырынан ажыраған да елдер бар. Ал енді Отаны бола тұра, басқа жерден бақыт іздеп, адасып жүргендер үшін не айтуға болады? Олар ең бақытсыз адамдар. Өзінің ана тілін менсінбейтіндерді де бақытсыз деуге болады. Ондайдан Құдай сақтасын! Алла бізге қарайласып тұр. Жолымыз анық, мақсатымыз айқын. Біз, қазақ елі, болашаққа қарай көш бастап барамыз. Тәубә! Даласындай мінезі дархан, аққөңіл, ержүрек, жауына қатты, досына жұмсақ, рухы асқақ қазақтың ұлымын мен. Еліме кішкене де болса  пайдамды тигізу менің өмірдегі ұсанымым.

Патриот болу, өз халқыңа қызмет ету біреулер ойлағандай аспандағы айды алу емес. Болмаса Олимп шыңын бағындыру ғана емес. Патриот болу деген: жақсы білім алу, ана тіліңді, дініңді, салт-дәстүріңді ардақтау, өз отбасыңның тірегі, қорғаны бола білу, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсете білу, жаман қылықтардан аулақ жүру. Мен осы талаптардың  деңгейінен шығуға тырысып жүрмін. Арманым-Отанымның, халқымның қалаулы ұлы болу. Асқақ арманым мені қанаттандырады, болашаққа талпындырады. Мен барлық күш-жігерім мен қайратымды мемлекеттік қызметке – Отаныма арнаймын.

 

Ерлік Сейдахметов,

Қарағанды қаласы

 

 

Пікір қалдыру


қорғаушы код
Жаңарту