«Біздің міндет – халыққа қызмет»

Біз – мемлекеттік қызметшіміз. Бұл абыройлы да жауапты міндет деп білемін. Өйткені мемлекет алдында міндет атқара жүріп, халыққа қызмет көрсетеміз. Талай адамдардың қажетін ашып, бір мысқал болса да көмек көрсетіп жатамыз. Азаматтардың, қарапайым тұрғындардың мұң-мұқтажын, мәселелерін шешкенде, олардың риза көңілдерін көргенде өзің де бір марқайып қалады екенсің. Алғыстарын арқалап жатамыз. Ең бастысы еткен еңбегің жемісті болып, туған Қазақстанның, мемлекетіміздің, оның халқының әл-ауқаты арта түссе бұдан артық бақыт жоқ деп есептеймін.

Мемлекетік қызметте жүргеніме 6 жылдай уақыт болды. Алдында жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасында бас маманның міндетін атқардым. Қандай жұмыс екені мекеменің атынан-ақ көрініп тұр емес пе?! Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына ауысқаныма екі жылдың жүзі болып қалды. Мұнда орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аймақтар және жануарлар әлемін қорғау бөлімінің әуелі бас маманы, биылдан бері басшысы болып істеймін. Мақсатымыз – қоршаған ортаны қорғау, жақсарту, биоәртүрлiлiктi сақтау, орман қорын күзету, молықтыру, ұлғайту, ұтымды пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аймақтар мен жануарлар әлемін қорғау, табиғат пайдаланушыларға мінсіз қызмет көрсету. Өткен жылы Елбасы Жарлығымен орталық органдардың біраз функциялары жергілікті атқарушы органдарға жүктелуіне байланысты бөлім атқаратын қызмет аясы да кеңейе түсті.

 

Сарыарқаның жерінде табиғат көркі болып табылатын орман алқаптары онша көп емес. Және олар Қарқаралы, Балқантау, Белағаш, Ақдің, Ұлытау, Қызыларай, Қараағаш сынды табиғаты көркем жерлерде жайқалады. Қарағанды орманшыларының жылдар бойғы тынымсыз еңбегі арқасында облыс орталығы мен оның серіктес қалаларының төңірегінде, сондай-ақ, табиғат сыйға тартқан көрікті жерлерде мемлекеттік орман қоры жасалды.

«Атаңнан мал қалғанша тал қалсын деген» нақылбар халқымызда. Өйткені орман ата-бабамызға қорған болған.

Міне, осынау жасыл желекті, өндірісті өлкенің «өкпесін» тілсіз жау – өрттен және екі аяқты жау – қаскүнемдерден қорғау орманшыларымыздың, барша мекемеміздің абыройлы борышы. Табиғатты аялау, экологиялық заңнаманы сақтау, «жасыл» экономика технологияларын қолданып, табиғат байлығын молайта беру алдағы кезеңдегі міндетіміз болып қала бермек. Мұның өзі халық денсаулығының саламаттылығын қамтамасыз етуге қызмет етеді. Осы игілікті істердің бәрі сауапқа жататынын біле тұра қалай шын жүректен халқымызға және мемлекетімізге адал қызмет етпеске?!

Мемлекеттік қызметші ретінде біз Елбасының Ұлт жоспарын – 5 институционалдық реформасын, оны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадамды» қанағат сезіммен қарсы алдық.

Сол сезіммен осынау ортақ игі мақсатқа бірігіп, ел үшін, болашағымыздың мықты тірегі – «100 нақты қадам» үшін «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» дейтін бірлікті нығайтып, осы қазықтай қағылған қағидаларды қалтқысыз орындайық. Бұл қағиданы бұлжытпай орындау және жүзеге асыру, жарқын елдің жарқын азаматымын деген барлық мемлекеттік қызметшіге міндет-парыз. Міне, осы қағидаларды жүзеге асырғанда ғана мемлекеттік қызметтің халық алдында беделі артады. Өйткені қандай да болсын мемлекеттік аппараттың басты мақсаты мемлекеттің әл-ауқатын арттырып, халқына қалтқысыз қызмет ету деп білемін.

Бақтияр Санбаев,

«Қарағанды облысының табиғи ресурстар

 және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы»

ММ бөлім басшысы.

Пікір қалдыру


қорғаушы код
Жаңарту